4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні

Маусым 04, 2022

Бүгін — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді — бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның айырықша белгілерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» – тақырыбында арнайы іс-шара өтті.

Іс-шара балалар үйінің ұжымы мен бүлдіршіндерінің Қазақстан Республикасының Әнұранын орындауынан басталды. Одан кейін балдырғандарымыздың ұлттық символдар мен рәміздер бейнеленген көркем сурет көрмесі өтті. Әр сурет өзінің шығармашылығымен ерекшеленді.

Сондай-ақ, маусым айының үшінші жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілген болатын. Дөңгелек үстел барысында балалар үйінің қазақ тілі мұғалімі Қарлығаш Лесбайқызы еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы, олардың мәні мен маңызы туралы өз пікірін білдіріп, елдің тәуелсіздік жылдарында жеткен әлеуметтік – экономикалық жетістіктеріне қысқаша шолу жасады.

Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың көрінісі. Осы өткізілген іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілігі мен құрметін оятқымыз келеді. Әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы – осы қасиетті құндылықтарға құрметпен қарау.

 

Оқылды 339 рет