Алғыс айтамыз
Ізгілікті жанына серік ететін жанашыр жандар үшін ең игі істердің бірі – қайырымдылық көмек көрсету.
Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет емес, жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті.
Қайырымды жандар өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленеді. Жанашыр, мейірімді жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар.
Балалар үйінің сәбилері мен ұжымы атынан, шатырымызда жиналған қарларды, қауіпті екеніне қарамай, қол ұшын беріп, тазарту жұмыстарын жүргізген Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Қамқорлықпен көрсеткен көмектеріңіз екі есе жақсылық болып қайтсын. Қолға алған әрбір бастамаларыңыз сәттілік пен жетістік әкелсін.
Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымды жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі.
Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан бастау алған ізгілік рухы қоғаммен бірге жалғасып келеді. «Адамның бір қызығы бала деген» деп, ұлы Абай айтпақшы, иісі қазақтың бойында балаға деген көңіл ерекше.