Денсаулық – баға жетпес байлық десек, адам жанының арашасы болған медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше.
Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде, «Медицина қызметкерлері күні» мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында абзал жандарды мерекесімен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында балалар үйіне Қазақстан Республикасының Президенті оркестірінің солисті Салтанат Дәулетханова, Спорттық-балдық биден Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпиондары Мансұр мен Айнара, «Айша-Медина» би ансамблі, Мадина Керимбаева арнайы келіп, өз өнерлерін ортаға салып, балалар үйі ұжымының ыстық ықыласына ие болды.
Балалар үйінің директоры Сауле Кенжетайқызы бүлдіршіндеріміздің қамқоршылары ақ халатты абзал жандарымызды кәсіби мерекесімен құттықтап, адал еңбегімен көзге түсіп жүрген аяулы жандарға Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратұлының құттықтау «Алғыс хаты» мен Мамандандырылған балалар үйінің атынан «Алғыс хаттар» табыс етті.
Сондай-ақ, үздік қызметімен көзге түсіп жүрген қызметкерлерімізге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі мен «Еңбек ардагері» медалі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтың «Алғыс хаты», Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен «AQNİET» Қазақстан салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының арнайы төс белгісі мен «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Құрметті медицина қызметкерлері!
Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз.