Бала тәрбиесінде рухани сәулеткер, бағбан ретінде бағаланатын тәрбиешілердің қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін қызметін таразыға салып өлшеу мүмкін емес дүние. Себебі, еліміздің ертеңі, болашақ ұрпаққа жан-жақты тәлім-тәрбие беріп, өнер-білімге баулып, шәкірттерінің бойына ізгі қасиеттерді дарытатын тәрбиеші қызметінің жемісі – ұлт болашағы деп қаралады.
Бүгін Нұр – Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде ұрпақ тәрбиесінде жауапты істі мойындарына арқалап жүрген тәрбиешілерімізді бүгінгі мерекелерімен құттықтау үшін арнайы мерекелік іс-шара өткізілді. Кәсіби мерекеге арналған іс-шара барысында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі балаларымызға өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ардақты тәрбиешілерімізге Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың, Білім басқармасының, Нұр Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Макенұлының және «Nur Otan» партиясы «Алматы» аудандық филиалы төрағасының Бірінші орынбасары Болысбек Мұхамеджан Әбдіәшімұлының алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ, адал еңбегі үшін тәрбиешілеріміз «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нің арнайы Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мерекелік бағдарламада мекемемізде 25 жыл бойы қызмет еткен Гүлжан Тұрсыновнаның белгілі-бір себептермен жұмыстан босауына байланысты қоштасу рәсімі өткізілді. Гүлжан Тұрсыновнаның біз үшін орны бөлек. «Қоңырау» тобының тәрбиешілері 30 жыл бойы балаларға мейірімі мен қамқорлығын көрсетіп келе жатқан аяулы тәрбиешіміз Роза Жакиевнаға алғыс білдіріп, сыйлық табыстады.
Бүгінгі күннің ең қуанышты жаңалығы біздің тәрбиешілеріміз Халықаралық зияткерлік білім орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар – 2020» қашықтықтан өткізілген түрлі халық өкілдері қатысатын II Халықаралық интернет-байқауына қатысып 1, 2, 3 орындарды иеленді. Тәрбиешілеріміз тың идеялары және тынымсыз еңбектері арқылы жеңіп алған жүлделі дипломдары салтанатты іс-шара кезінде табыс етілді. Біз осы бір үлкен жеңістерімен біздің үйдің мақтанышы, сәбилеріміздің қамқоршысы болған тәрбиешілерімізді шын жүректен құттықтаймыз!