Биылдан бастап елімізде 25 қазан – Республика күні болып аталып өтеді. Ұлттық мереке қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде «Республика күні» мерекесіне орай арнайы іс-шара өтті.
Мемлекеттік Әнұран орындалып, патриоттық әндер айтылды. Мекеме директорының міндетін уақытша атқарушы Смагулова Анаргүл Нухаевна ұжымды мерекемен арнайы құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сөз сөйледі. Еліміздің басты мерекесі қарсаңында үздік жұмысымен көзге түсіп, белсенді қызмет атқарып жүрген мамандарымызға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты, Астана қаласы әкімінің алғыс хаты, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Құрмет грамотасы, сондай-ақ «Ақниет» денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының атынан Құрмет грамотасы салтанатты түрде табыс етілді.
Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймыз!
Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі өркейе берсін.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілейміз.
Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды.
25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын.
2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.
2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Президент.
29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қабылданды.