10.02.2023 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде «Күнім» күндізгі оңалту тобының қоштасу ертеңгілігі өтті.
Ерекше күтімді қажет ететін балалардың үйлесімді дамуына білікті мамандар арқылы көмек көрсету мақсатында ашылған топта үш айдың ішінде біршама жұмыстар жасалды.
Мерекелік іс-шара барысында, балғындар ата-аналарына музыкалық аспаптар арқылы өнерлерін көрсетіп қуанышқа бөледі. «Күнім» күндізгі оңалту тобының қоштасу кеші жарқын, есте қаларлықтай өтті.
«Күнім» оңалту тобының ата-аналары тәрбиешілерге, әкімшілікке және балалар үйінің ұжымына алғысын білдірді.
Мекемеміз ұжымының үш айлық еңбегі өзінің оң нәтижесін беріп, «Күнім» тобының сымбатты серісі Құдайбергеннің тұсау кесер рәсімін өткіздік. Алғаш қадам басуға талпынған кішкентай балапанымыздың тұсауын «мінезі жайдары, ақылды, мейірімді, елге сыйлы азамат болып өссін», - деген ізгі ниетпен балалар үйінің директоры Цечоева Татьяна Александровна кесті.
Құдайбергенге шын жүректен әлемнің бар асылын, жақсылығын, қуанышын, байлығын тілейміз. Денсаулығы мықты, болашағы жарқын болсын!
Құрметті ата-аналар! Сенімдеріңізге рахмет! Сіздерге сәттілік, отбасылық бақыт және шексіз қуаныш пен бақытты сәттеріңіздің көп болуын тілейміз.
Балапандар, біз сендерге сәтті сапар, жаңа таныстар, көптеген қызықты кезеңдер мен өмірлеріңде таңғажайыптардың көп болуына тілектеспіз!