Ризашылығын білдіріп алғыс айтуды халқымыз бұрынғы заманнан хош көреді. «Ризашылық» білдірудің бірнеше әдістері бар: жылы жүзбен, іс-қимылмен және сөзбен. Өзге адамдар үшін бар ынтамен жасалған әрекеттің шынайы ризашылығын сезініп сүйсінесің.
Көктемнің алғашқы күнінде, Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» мекемесінде «Ризашылық» күніне арналған «Күн нұры» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты: бүлдіршіндерімізге жүрек жылуын дарыту, оларға жылы отбасылық көңіл-күй сыйлау және балаларға қамқорлығын көрсетіп жүрген демеушілерімізге, мекеме ұжымы мен бүлдіршіндеріміз атынан өз ризашылығымызды білдіру.
Мереке барысында балапандарымыз өз өнерлерін көрсетіп, ән салып, би биледі. Оның ішінде бүлдіршіндеріміз бен іс-шара қонақтарына «Қыс» мезгілімен бірге «Көктем» ханшайымын күтіп алды, сондай ақ, Аю мен Қоянның, Қарғаның мерекелік шараның қонағы болып балаларға түрлі ойын ойнатуы ерекше ұнады. Ұжым қызметкерлері қосылып ән айтып, би билеп, қол соққан кішкентай бүлдіршіндеріміз ерекше көңіл-күймен кеш соңын көңілді аяқтады.
Әр халықтың өзіне тән ұлттық тәрбиесі бар. Сол секілді қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – тұсаукесер рәсімі.
Көктемнің ізгілікке толы алғашқы мерекесінде алғаш қадам басуға талпынған үйіміздің сұлу Ханшайымы Эмилияның тұсау кесер рәсімі болып өтті. Балапанның тұсауын Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Алпысбаева Жанаргуль Кабылдаевна мен Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Бимендина Асима Темкеновна кесті.
Өмірге жаңадан қадам бақсан бүлдіршініміз ертеңгі ел болашағының алтын көпіріне айналып, текті еліміздің тұғыры биік азаматшасы болсын.
Мереке қонақтары мен демеушілеріміз іс-шара барысында өздерінің алғыстары мен игі тілектерін білдіріп, арнайы сыйлықтарымен біздің балдырғандарымыздың жүзіне күлкі, көңілдеріне қуаныш сыйлады. Мерекелік бағдарлама өте жоғары дейгейде аталып өтті.