Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-не Таиланд Корольдігінің Астанадағы Елшілігінің істеріндегі уақытша сенімді өкілі Оратай Пхубунлап Гунасийлан ханым мен Таиланд Корольдігі Елшілігінің екінші хатшысы Сайфон Файджит мырза қызметтік сапармен келді.
Балалар үйінің директоры Сауле Кенжетайқызы құрметті қонақтарымызды мекеменің қызметімен таныстырды. Мекемемен танысу барысында, қонақтарымыз ЕДШ, Монтессори, физиотерапия, оңалту кабинеттерінде, сонымен бірге бассейн, логопедтер мен сенсорлы кабинеттерде болды. Жанұялық топтар мен «Жұмбақ» оңалту тобының кішкентай балапандары қонақтарымызды жақсы көңіл-күймен қарсы алды. Олар өздерінің жұмыс сапарын қорытындылап, елордалық балалар үйінің қызметін жоғары бағалады.
Кездесу барысында «Қуыршақ» жанұя тобының сымбатты бүлдіршіні Бақбергеннің тұсау кесер рәсімін өткіздік. Балапанның тұсауын Таиланд Корольдігінің Астанадағы Елшілігінің істеріндегі уақытша сенімді өкілі Оратай Пхубунлап Гунасийлан ханым кесті. Тұсауы кесілген бүлдіршініміз болашақта екі ел ортасын жалғайтын білікті дипломат болады деген үміттеміз. Бақбергенге жарқын болашық, мықты денсаулық, шексіз бақыт тілейміз.
Балалар үйінің ұжымы, Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігіне, үйіміздің бүлдіршіндерін қолдап, арнайы келгендері үшін, үлкен алғыс білдіреді. Бүлдіршіндерімізге керемет сыйлықтарыңыз қуаныш сыйлады. Сіздерге шексіз бақыт, мықты денсаулық, жемісті еңбек және жұмыстарыңызға үлкен жетістіктер тілейміз!