Жаңа жылдық шырша

Желтоқсан 26, 2024

Тақырып: Жаңа жылдық шырша болып өтті

Жаңа жыл – баршамыздың асыға күтетін ең ғажайып мерекелеріміздің бірі. Әсіресе, бұл таңғажайып қызыққа, сиқырға толы мерекенің балалар үшін орны бөлек.

Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нде Мемлекетіміздің ертеңгі өркендеуін жалғастыратын өскелең ұрпағымызға арналған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша болып өтті. Мерекелік шыршаның басталуында арнайы қонақ ретінде балдырғандарымызға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін сүйікті кейіпкерлері – Сиқыршы, Компьютер вирусы, тәттілер Қорапшасы, Күлшеқыз келді. Ертеңгілік кейіпкерлері балғындарымыз бен би билеп, ән салып, түрлі қызықты ойындар ойнады. Мерекелік кештің басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақар балаларымызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, думанды кештің ажарын ашты.

Мерекелік бағдарлама барысында бүлдіршіндеріміз 2024 Ұлу жылын шығарып салып, келе жатқан 2025 Жылан жылын күтіп алды. Жыл кейіпкері «Жылан» – алдағы жыл берекелі, тыныш әрі бейбіт, молшылық пен жақсылық жылы болуын тілеп, баршамызды қуанышқа бөледі.

Директор Сауле Кенжетайқызы сөз сөйлеп, Құрметті қонақтарымызды, ұжым қызметкерлері мен сәбилерімізді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандардың орындалуын, алдағы жылдың табысты әрі қызықты өтуін тілеп, жылы лебізі мен ыстық ықыласын білдірді.

Мерекелік кеш соңында біздің үйдің кішкентай тұрғындары Аяз ата мен Ақшақардан, сүйікті ертегі кейіпкерлерінен дәмді тәттілер мен түрлі сыйлықтар, әдемі ойыншықтарды сыйлық ретінде алып, қуанышқа бөленді. Балаларымыздың жүзіндегі күлкісі мен көңіліндегі қуанышы біз үшін нағыз бақыт.

Сіздерді «Мамандандырылған балалар үйі» ұжымы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа жыл Сіздердің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол ашып, мол табыстар ала келсін, жетістіктерге толы жыл болсын. Сіздерге зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке, бақыт, шуақты күндер тілейміз.

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04
  • 05
  • 06
  • 07
  • 08
Оқылды 52 рет