Жыл күнтізбесіндегі 1 – желтоқсан күні еліміз үшін маңызды күндердің бірі. 1991 жылғы 1 – желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде, еліміз өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын сайлаған болатын. Осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.
2012 жылдан бері, әр жыл сайын – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.
Отанымыз – Тәуелсіздік алғалы көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік тарихының 29 жылында Қазақстан іргелі істерді еңсере білді. Әлем алпауыттарымен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы болды. Бірлік пен ынтымақты, бейбітшілік пен татулықты ту еткен Қазақстанның әрбір толағай табысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз.
2020 жылдың 27 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шара өтті. Мерекелік бағдарламада ҚР Тұңғыш Президенті туралы арнайы фильм көрсетілді. Деректі фильмде ҚР Президентінің еліміз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі өмірлік жолы мен еңбегі, жоғары жетістіктері туралы баяндалды. Балалар үйінің ұжымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмір жолы туралы деректі фильмді үлкен қызығушылықпен тамашалады.
Музыкалық залда «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты фото және кітап көрмесі ұйымдастырылып, мамандарымызға ерекше әсер қалдырды. Қызметкерлер Тұңғыш Президенттіміздің өмірі туралы «Елбасы жолы» викторинасының сұрақтарына жауап берді. Іс-шара соңында барлық қызметкерлер дәстүр бойынша «Атамекен» патриоттық әнін шырқады.
Бүгінде бүкіл елдің қолдауы мен сеніміне ие болып, елді сындарлы жолмен болашаққа айқын бастап келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тойланатын — Тұңғыш Президент күні біз үшін де өте қадірлі мереке. Ендеше мерекелеріңіз құтты болсын, қазақ елі!