Ту туралы қызықты деректер

Желтоқсан 16, 2020

1992 жылы қабылданған бірегей қазақ туының ою-өрнектері қызыл болған, бірақ көп ұзамай алтын түске өзгертілген.

Көк түс – түркі халықтары үшін қасиетті ұғым. Туда көк аспанның шексіздігін білдіреді, сондай-ақ, жалпы игілік, тыныштық, бейбітшілік және бірлік символы деп есептеледі.

Бүркіттің силуэті жас тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке ұмтылу идеясынан пайда болды. Оның әр елдің және этникалық топтардың елтаңбалары мен туларында суреттелгені – ертеден келе жатқан дәстүр. Символика тілінде бүркіттің силуэті мемлекеттік билікті, кеңдікті және алғырлықты білдіреді.

Мемлекеттік тудың байқауына 1200 шығармашылық өкіл қатысты. 600-ден астам адам пікір білдірді, 245 сурет жобасы ұсынылды.

Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Іле Алатау жотасының «Абай» шыңында орнатты.

2011 жылы 14 желтоқсанда Оңтүстік Полюсты бағындыру 100 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының туы Антарктидада орнатылған.

2011 жылы Мақсұт Жұмаев және Василий Пивцов Қазақстан туын Азияның ең күрделі тауының Қарақорым Чогори шыңына (8 611 м) орнатты.

2012 жылы 23 ақпанда қазақстандық Андрей Гундарев Оңтүстік Американың ең биік шыңына «Охос-дель-Саладо» шықты, соның нәтижесінде Қазақстан Туы әлемдегі ең жоғарғы жанартауда орнатылды.

2014 жылы қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауына шығып, Мак-Кинли шыңында Қазақстан туын орнатты.

 Қазақстанның туы Батыс Еуропаның ең жоғарғы «Монблан» биігіне (4 810 метр) көтеріліп орнатылды. Азиядағы Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және де бүкіл әлемнің ең биік Эверест шыңында (8 800 м) Мемлекеттік Туы желбіреп, мемлекеттік Әнұран шырқалды.

2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Жер шарын 150-ден астам рет айналып ұшты.

2015 жылдың 14 сәуірінде қазақстандық шаңғы экспедициясы Қазақстан Республикасының Туын Солтүстік полюс – Арктикада тікті.

#МеніңТуым#МеніңТуымМеніңОтаным#МойфлагМояРодина #ЦветМоейРодины#БіздіңОртақМереке#НашОбщийПраздник

Оқылды 436 рет