Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада». Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы.
Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-не біздің үйдің кішкентай тұрғындарының тыныс-тіршілігінен хабар алу мақсатында жұмыс сапарымен ҚР төтенше жағдайлар министрі Ильин Юрий Викторович мырза келді. Директор Сауле Кенжетайқызы Юрий Викторович мырзаны ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайымен таныстырды. Министр мырза бассейн, физиотерапия кабинетін, Монтессори кабинетін, сенсорлық кабинетті, логопед кабинеттерін көріп, балалар үйінде ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды оңалту және абилитациялау бойынша емдік дене шынықтыру залында жүргізілетін жұмыстармен танысты.
Жұмыс сапары барысында Юрий Викторович мырза «Үміт» тобының ерке ханшайымы Хамлова Леонораның тұсауын кесті. Тұсауы кесілген қылықты бүлдүршініміз бен біз үшін бұл үлкен қуаныш. Балдырғанымыздың таңдауы халқымыздың киелі домбырасы болды.
Кездесу соңынды Юрий Викторович мырза балалар үйінің ұжымына алғысын айтып, келе жатқан Жаңа 2021 жылмен құттықтап ізгі тілегін мен жылы лебізін білдірді.
Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген ұлағатты сөзін ескеретін болсақ, қазақтың біртуар перзенті М. Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп айтқанындай әрбір дүниеге келген бала тағдыры адам өмірінде маңызды болып қала береді.