Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесіне орай салтанатты іс-шара өткізілді. Мерекелік шараға мекемеміздің барлық қызметкерлері белсенді қатысты.
Салтанатты жиында Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайында арнайы түсірілген бес фильмнен тұратын «Елбасы жолы» көркемдік эпопеясы көрсетіліп, мекемеміз қызметкерлеріне Елбасының өмірбаянынан, еңбек жолынан деректер оқылды. Шара соңында балалар үйі ұжымы Елбасымыз жайлы өлеңдер оқып, «Нұр аға» әнін шырқады.
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймыз!
Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елі сүйген Елбасы барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан зор құрметке ие болған кемеңгер тұлға.
Елбасы есімі Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұғымдармен қатар айтылады. Елбасы — татулығымыздың, береке-бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі. Тұңғыш Президентіміздің еңбек жолы — жас қазақстандықтар үшін үлгі мен тағылымның мектебі. Ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істер табысты болып, еліміз, елін сүйген, ел қамқоры азаматтарымыз аман болсын! Баршаларыңызға табыс, сәттілік, сәулелі ғұмыр тілейміз.