Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.
Дидактикалық ойындар – баланы жеке тұлға етіп жан-жақты тәрбиелеудің маңызды құралы. Сондықтан балалар үйінің тәрбиешілері дидактикалық ойындарға ерекше назар аударып, кейде кейбір дидактикалық ойындарды өздері ойлап табады.
«Қоңырау» отбасылық тобының тәрбиешілері балалар үйінің ұжымына «Керемет шұлықтар» атты жаңа дидактикалық ойынды ұсынды. Бұл ойын – баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттерін қалыптастырады.
Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» -дейді. Демек балалармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.