Тәуелсіздік күні – халқымыз үшін ең қасиетті және негізгі мейрам. Ата-бабамыз армандап өткен тәуелсіздікке осыдан 30 жыл бұрын қол жеткіздік. Осы аралықта мемлекетіміз талай асуды бағындырып, биік белестерге шықты. Әлемге Қазақстан деген елдің бар екендігін паш етті.
Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиында, Еліміздің 30 жылдық тарихы бейнеленген, жетістіктері мен өркендеу жолы жайлы бейнекөрсетілім көрсетілді. Алаңға шығып, ел Тәуелсіздігіміздің себепшісі болған 1986 жылғы Желтоқсан жастарының сол кезеңдегі өмірінен сыр шертетін шағын көріністер қойылып, патриоттық әндер орындалды.
Мекеме директоры Сәуле Кенжетайқызы балалар үйі ұжымын 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, белсенді қызмет атқарып, үздік жұмысымен көзге түсіп жүрген мамандарымызға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.В. Цойдың «Алғыс хаты», Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С. Көлгіновтің «Алғыс хаты», Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.М. Мұратовтың «Алғыс хаты», Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А.Р. Ораловтың «Алғыс хаты» және Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нің арнайы алғыс хаттарын табыс етті. Сондай ақ, мекемемізде 10, 15, 20, 25, 30 жыл қызмет атқарып, бүлдіршіндерімізге қамқорлық көрсетіп, мейіріміне бөлеп жүрген қызметкерлерімізге кәсіподақ ұйымы естелік мүсіндер мен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Сіздерді ұлық мереке — Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты — азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!