Ерекше танымдық отбасылық сағаттар өтті

Наурыз 21, 2022

Халықтың ізгі дәстүрі — біздің ең асыл мұрамыз.

Бауыржан Момышұлы

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихты елестету мүмкін емес.

Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болсын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әркез өзін-өзі тәрбиелеп отырады.

Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Осы орайда Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» МКМ-нде өскелең ұрпақты қоғамға, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандылыққа тәрбиелеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау барысында «Салт-дәстүр рухани құндылық» іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараның мақсаты: Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптей отырып, тұтастай жеке тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылық қасиеттерін дамыту.

Іс-шарада балалар – «Бесікке салу», «Амандасу», «Балаға ат қою рәсімі», «Тұсау кесу», және тағы басқа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен танысты.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер М.Әуезов айтқандай, қай ғасырда, қай қоғамда болсын басты міндетіміз – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін балаларға дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттап отырсақ ұлттық тәрбиеміздің іргетасын бекіткеніміз болар еді.

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04
  • 05
  • 06
  • 07
  • 08
  • 09

 

Оқылды 287 рет